4 Мамыр 15:10

Ресей адыраспанды елге НЕГЕ кіргізбей отыр?

Адыраспан
Фото: ғаламтордан

Жуырда еліміздің Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға көрші Ресейге барарда адыраспан ала барудың қаупі жайлы ескертті. Себебі адыраспанға Ресей үкіметі бұдан былай емдік шөп деп қана қарамай, оны құрамында есірткісі бар өсімдіктер тізіміне енгізіп отыр.

«Биыл ақпан айынан бастап Ресей Федерациясында гармала деген өсімдік, яғни жалпақ тілмен айтқанда адыраспан тыйым салынған өсімдіктер қатарына енгізілді. Оны сол елге апарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. 1 миллион рубльге дейін айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ескерілген», деді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев ведомствода өткен апталық брифингте.

Оның айтуынша, көрші елге аса ірі мөлшерде апарғандарғандарға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сол себепті Ішкі істер министрлігі отандастарымызға қай елге барса да сол елдің заңын, тәртібін біліп жүру керектігін еске салып отыр. Шет мемлекеттердің аумағында тыйым салынған өсімдіктер мен дәрілік препараттарға назар аудару қажет. Өз сапарыңызға жауапкершілікпен қараңыздар, дейді ресми өкіл.

Мұндай қатаң тәртіп Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин мемлекеттік бақылауға алынған есірткілік заттардың тізімі жөніндегі қаулыға енгізілген түзетулерге қол қойғаннан кейін орнап отыр. Осы құжаттың негізінде адыраспан да құрамында есірткі заты бар деп табылып, тыйым салынған өсімдіктер қатарына кіргізіліп отыр. Өйткені оның құрамында психотропты алколоид бар.

Сондай-ақ тыйым салынған өсімдіктер тізіміне қалқанды турбина (turbina corymbosa), үш түсті шырмауық (ипомея) сияқты гүлдер те кіріп отыр. Әдетте бұларды әдемілікке жаны жақын әйелдер қауымы үй ауласына сәндік үшін өсіретін.

Жалпы, Қазақстан Ауғанстаннан «Солтүстік бағытпен» Еуропаға Ресей арқылы жөнелтілетін есірткі трафигінің төте жолына айналған. Дегенмен БҰҰ сарапшыларының зерттеуінше, соңғы жылдары есірткі тасымалының көлемі біршама төмендеген екен. Бұл ақпаратты Ауғанстанның сүлтүстігіндегі апиынды көкнәр алқабының тарыла түсуі дәлел бола алады.

Адыраспан
yandex.ru

Елімізде есірткі тасымалының төмендеуіне 2008-2011 және 2012-2016 жылдарға арналған есірткіге қарсы іс-қимыл мемлекеттік бағдарламалары, сондай-ақ Терроризмге қарсы іс-қимыл бағдарламасы аясында оңтүстік шекараларды нығайту жөніндегі кешенді шаралардың қабылдануы ықпал еткенін де айта кету керек. Осы бағдарламалар арқылы шекаралық өткізу бекеттері материалдық-техникалық тұрғыдан біраз жарақтандырылған болатын. Соның нәтижесінде соңғы 10 жылда тәркіленген есірткі көлемі 52,6 пайызға азайған.

Еліміз арқылы Ресейге өтіп, Еуропа асатын есірткі тасымалына тектен-тек тоқталып отырған жоқпыз. Жоғарыдағы келтірілген мәліметтерге сүйенсек, Ресейдегі есірткі тұтынушылары үшін де қиындықтар туып, тапшылық сезілген болуы әбден мүмкін. Сондықтан көрші елдегі есірткіге елірткендер Мишустинді тыйым салынған өсімдіктерге қатысты тізімді қайта бекітуге мәжбүрлеген сияқты.

Біздің елде, жалпы Орта Азия елдерінің халқы қасиетті шөп саналалатын адыраспанды ықылым заманнан бері емдік мақсатта пайдаланып келеді. Тіпті шамандық рәсімдердің де басты атрибуттарының бірі осы адыраспан. Әзірге бізде қандай да бір заңмен оны қолдануға, алып жүруге тыйым салынған жоқ.

                             Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана