25 Сәуір 00:49

Мемлекет басшысы Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронды қабылдады

Ақорда
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға сапары екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін беру тұрғысынан мәні зор екенін айтты.

Алматы, NEGE. – Біздің маңызды стратегиялық серіктесіміз – Ұлыбританиямен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңіліміз толады. Бүгін Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын айрықша атап өткім келеді. Бұл жан-жақты құжат біздің сан қырлы байланыстарымызды кеңейту үшін берік негіз қалайтынына сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты, соның ішінде энергетика, «жасыл» экономика, қаржы, инновация салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мол әлеует бар екеніне назар аударды.