4 Мамыр 08:20

ҰҚК Еуропа елдерімен бірлесіп операция жүргізді

ҰҚК
Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті былтыр "Солтүстік бағдар" деп аталатын халықаралық есірткі жеткізу арнасының жолын кесу бойынша операцияны іске асырды.

Алматы, NEGE.Жедел жете тексеру барысында Ауғанстаннан Қазақстан аумағы арқылы Еуропа елдеріне есірткі контрабандасының қолданыстағы арнасы анықталған. Комитет шетелдік серіктестермен және Германияның құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, халықаралық есірткі синдикаттарының бірінің дамыған желісін анықтады.

"Жете тексерудің соңғы кезеңі Германияда 60 келі апиын мен 12 келі метамфетаминді тасымалдау кезінде екі шетелдікті ұстау болды. Германияның құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Биыл ақпанда басқа жете тексеру шеңберінде трансұлттық есірткі құрылымына қатысушылардың ауған есірткілері контрабандасының кезекті халықаралық арнасын ұйымдастыру ниеттері әшкереленді. Есірткі тізбегінің барлық буындарын жою мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының үйлестіруімен еуропалық серіктестермен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды", - делінген хабарламада.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде есірткі арнасының негізгі ұйымдастырушысы – Испания азаматы ұсталған, одан Қазақстан арқылы Ауғанстаннан Еуропаға жеткізілген 10 келі метамфетамин алынған.

"Еуропада алынған есірткінің нарықтық құны 2.5 миллион АҚШ долларынан артыққа бағаланып отыр. Есірткі трафигінің халықаралық арналарын бейтараптандыру жөніндегі іс-шаралар жалғасып жатыр", - делінген ҰҚК баспасөз қызметі хабарламасында.