4 Сәуір 16:52

Жансая Әбдімәлік спорттық мансабын аяқтай ма?

шахмат
Фото: ғаламтордан

Танымал шахматшы Жансая Әбдімәлік мансабын қашан аяқтайтынын және әріптесі Бибісара Асаубаевамен қарым-қатынасы туралы пікір білдірді.

Алматы, NEGE. Бұған дейін 20 жастағы блиц бойынша әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваға KazChess Awards марапаттау рәсімінде қомақты сыйақы табысталған еді. Ал оның әріптесі мансабын аяқтауы мүмкін екенін айтты.

«Биыл турнирге қатысу жоспарымда жоқ. Бұл маусымды өткізетін шығармын. Бірақ әзірге мансабымды аяқтау туралы нақты шешімге келген жоқпын», – деді Жансая Әбдімәлік Sportplustv-ға берген сұхбатында.

Жансая қатысқан соңғы жарыс 2023 жылғы күзде болды. Сол кезде Әбдімәлік Асаубаевамен бірге Ханчжоудағы (Қытай) Азия ойындарына қатысты. Асаубаева бесінші орын алса, Әбдімәлік сегізінші қатарға тұрақтаған еді.

«Бибісарамен араласпаймын. Қарым-қатынасымыз бұрын қалай болса, сол күйінде қалды», – деп толықтырды ол.