4 Сәуір 17:12

«Қазақтелеком» төтенше жағдай кезеңінде абоненттік төлем алмайды

Су тасқыны
Фото: Nege.kz

Қазақстанның ірі телеком-операторы су тасқынынан зардап шеккен отандастарға қолдау көрсетпек.

Яғни, төтенше жағдай кезеңінде үйлері суға батып кеткен және қауіпсіз жерге көшірілген «Қазақтелекомның» клиенттерінен абоненттік төлем, берешек пен өсімпұл алмау туралы шешім қабылданды. Бұл ретте компания су тасқынынан зардап шеккен абоненттерді қолдау шаралары мұнымен шектелмейтінін атап көрсетті. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегіне сүйенсек, еліміздің 5 облысын су басып, республиканың түрлі елді мекендерінен 15,7 мың адам эвакуацияланды. Алдағы уақытта қауіпсіз жерге көшірілген қазақстандықтардың саны артуы мүмкін.

Бір күн бұрын ғана ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республиканың бизнес өкілдерін су тасқынынан зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуге шақырған болатын. Осыған байланысты бұл қайырымды істен «Қазақтелеком» компаниясы да қалыс қалмайды.

Қазіргі уақытта компания мамандары аумақтық ТЖ департаменттері және өңірлік әкімдіктері жанындағы жедел штабтармен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен түрлі облыстардың тұрғындарына көмектесуде. Кейбір елді мекендерде су тасқыны салдарынан қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың төтенше жағдай кезеңінде абоненттік төлем, берешек пен өсімпұлын есептен шығару туралы шешім қабылданды.

Су тасқыны
Nege.kz

«Әрине, біз еліміздің әртүрлі өңірінде тіркелген су тасқынына байланысты төтенше жағдайдан тыс қала алмадық. Топан су салдарын еңсеріп, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жұмыстарына өз үлесімізді қосуды ұйғардық.

Су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің эвакуацияланған тұрғындарынан төтенше жағдай кезеңінде абоненттік төлем алмау туралы шешім – компанияның бұл тұрғыдағы жалғыз бастамасы емес.

Қазір осы бағытта басқа да іс-шараны қолға алу үшін әкімдіктер және төтенше жағдай департаментімен көмек алушылардың нақты қай жерде орналасқанын анықтау мақсатында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бұған дейін де тәжірибемізде осындай бастамаларға мұрындық болып, халық пен мемлекетке қиын сәтте қол ұшын созуға тырысып келеміз», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Су тасқыны
Nege.kz

Айта кетейік, 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде «Қазақтелеком» өз клиенттерін қолдауға бағытталған кешенді шешімдер әзірлеп, жүзеге асырған болатын. Ол кезде бөлшек және корпоративтік сегменттегі абоненттерге түрлі жеңілдіктер мен тегін қоңыраулар беріп, мұнымен қоса төтенше жағдай кезінде абоненттік төлем есептен шығарылған еді. Сондай-ақ, компания сол жылдың қыркүйегінде Қостанай облысындағы өрт кезінде дәл осы сынды шаралардың басы-қасынан табылды. Бүгінде ірі телеком-оператор су алып кеткен ауылдар ғана емес, эвакуация жүргізілмеген елді мекен тұрғындарын да қолдау жұмысын пысықтауға дайын. Алайда, су тасқыны салдарынан байланыс желісі бұзылып, компанияның да, абоненттердің де қондырғылары зақымдалды.

Су тасқыны
Nege.kz

«Қазақтелеком» командасы да халықпен бірге төтенше жағдай орталығында қалып, су тасқыны мен оның салдарымен күресіп жатқан отандастарымыз үшін алаңдаушылық білдіреді. Біз оларға қазір де, төтенше жағдай тәртібі аяқталғаннан кейін де су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, көмек көрсетуге дайынбыз. Бүгінде зардап шеккен аймақтар мен тұрғындарын мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге қайтару үшін байланыс инфрақұрылымын қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралардың түрлі алгоритмін есептеп, әзірлеп жатырмыз», – деп қорытындылады Қуанышбек Есекеев.