29 Сәуір 18:00

Adam: Өзбек болсам да, қазақша ойлаймын

Адам
Фото: Фото: әлеуметтік желіден

«Жүрек» әні Adam-ның есімін Қытай, Корея, Вьетнам, Марокко, Албания, Германия, Украина, Армения, Франция сияқты елдерге танымал етті. Әлемдік топ-чарттарға енген туынды Қытайдағы хит-парадта үшінші орынға шықты.

Қазақ тіліндегі алғашқы әні арқылы әлемге танылып, аяғы жерге тимей тұрған Фарух ТОҚТАМҰРАТОВПЕН тілшіміз сұхбаттасты.

– Фарух, «Бір-ақ түнде танымал болып оянды» деген теңеудің сізге қатысы бар сияқты ма, қалай?

– Бұл теңеуді өзіме қатысты қабылдай алмаймын. Себебі мен он жыл бойы музыкамен айналысып келе жатырмын. Оның ішінде соңғы бес жыл уақытымды кәсіби музыкаға арнадым.

Әнші
Фото: әлеуметтік желіден

Дегенмен, сол жылдар бойғы еңбегіңіз бір хиттің тасасында қалғандай көрінбей ме?

– Бұл – әр әнші өткеретін құбылыс. Кез келген әншінің жұлдызын жағып, бағына айналатын туындысы болады. «Жүрек» соған мысал болады. Бірақ бұғанға дейін де біраз әндерм ТМД бойынша миллиондаған қаралымға ие болған. Ал енді «Жүрек» сол туындылардың жаппай Еуропаға шығуына жол ашып отыр.

Мамандығыңыз инженер екен. Қалай әнші болып шыға келдіңіз?

– Ән салу бала кезден хоббім болды. Сондықтан жоғары оқу орынында басқа саланы оқысам да, өнер жолын таңдауға шешім қабылдадым. Инженер болып жұмыс істеп көргем жоқ. Себебі студент шақтан мейрамхана, кабактарда ән айттым. Бұл тәжірибе менің вокалдық қабілетімді дамытуға айтарлықтай септігін тигізді.

Яғни, сіз кәсіби музыкант емессіз ғой?

– Иә. Бірақ, арнайы вокалға қатыстым. Дейтұрғанмен, ол жерде үйреткен дүниенің қыр-сырын өзім де біраз білетін едім. Негізі әркімнің өзіндік ән айту стилі болады. Ол ешқандай қалып пен қағидаға бағынбайды деп ойлаймын.

Жүрек
Фото: ғаламтордан

Ұлтыңызға қатысты әркім әртүрлі айтады.Жауабын өз аузыңыздан естісек

– Анам да, әкем де өзбек ұлтының өкілдері. Ата-әжем барлығы дерлік осы Қазақстанның тумасы. Руым – қожа.

Қазақша еркін сөйлеп отырғаныңызға қарағанда, қазақы ортада өскен сияқтысыз?

– Әрине, ең жақын достарым – қазақтар. Шынымды айтасам, тіпті өзімді қазақтан басқа ұлтпын деп сезіне алмаймын. Себебі қазақиланып кеткенбіз, өзбек болсам да, қазақша ойлаймын. Тіпті салт-дәстүрімізге дейін араласып кеткен. Әулетіміздегі жеңге, жезде, келіндердің бәрі – қазақ.

Қазақ тіліндегі дебюттік әніңіздің әп-сәтте әлемдік чарттарға енгені тосынсый болғанын айттыңыз. Мұның сыры неде?

– Алланың қалауы деп ойлаймын. Сондай-ақ еңбектің де жемісі бар деп санаймын. Себебі тректі жарыққа шығару жолында тыңғылықты әр ұзақ уақыт дайындалдым.

Алыс-жақын шетелдік өнерпаздардан бірлесе жұмыс істеуге ұсыныс түсіп жатқан болар?

– Әрине, желідегі жекеме творчестволық тандем орнату мақсатында Румыния, Украина, Болгария, Ресей сынды көптеген елдерден жазатындар көп. Миллиондаған тыңдармандары болса да бірін танысам, бірін танымай жатамын. Бірақ мен әзір дуэттен гөрі жеке шығармашылыққа ден қойып жүрмін.

Әнші
Фото: ғаламтордан

Соңғы кезде қазақ тілінде тағы екі ән жазып, шығардым. Оның бірін қазақ әнін Еуропалық тыңдарманға таныстыру мақсатында қазақ және ағылшын тілінде қатар жаздым. Себебі, Еуропаны аралап концерт беруге кетіп барамын. Одан кейін Қытай, Шри-Ланка, Вьетнам, Молдова сынды ондаған елде жеке концерт берсем деген жоспарым бар. Одан кейін бұйырса, күз айында отанымызда жақсы кеш берсем деп отырмын. Қазіргі таңда шығармашылық сапармен Ирландияның астанасы Дублин қаласына бара жатырмыз.

Кезінде ютубта миллиондаған қаралым жинап, талай президентті билеткен оңтүстік кореялық PSY-дың бір айналасында алпысқа жуық адам жүретін. Сізде ше?

– Мен о бастан «Turan Media» лейблында жұмыс істеймін. Ол жерде өнерпаздардың шығармашылығын шыңдау мақсатында продюсер, заңгер, SMM қызметкері сынды түрлі маман иелері бар. Бір адамның айналасында ұзын-саны бес-алты адам жұмыс істейді.

– Сізді мешітте азан шақырады дегенді естіп едік. Осы рас па?

– Ол ағам ғой. Екеуіміз қатты ұқсайтын болғандықтан, көпшілік шатастырып жатады. Менің де дауысымның Құран оқуға, азан шақыруға әдемі келетінін жұрт айтады.

Әнші
Фото: ғаламтордан

– Отбасыңыз бар ма? Әлде бойдақсыз ба?

– Бұл сұрақтың жауабы құпия болып қалсыншы. Өйткені жеке өмірді жария еткенді жөн көрмеймін.

– Себебі не? Қыз-қырқынды қызықтыра түсу ме?

– Көптеген өнер иелері желіге отбасын салып жатады. Ол әркімнің қалауы ғой. Дегенмен, өз басым ондайды құптамаймын. Жарым болса да, жұртқа көрсетпес едім. Себебі, сөз бар, көз бар дегендей. Ертең көптеген сұрақ қойылады. Сондықтан керек емес деп білем.

– Жарыңыз қай ұлттан болуы мүмкін?

– Жүрегіме жаққан адамды жар етемін. Жақсы адам болса, ұлтының маңызы жоқ.

– «Жұлдыз ауруы» деген бар ғой? Шалығы тиіп үлгерді ме?

– Жиырма жастағы түбітмұрт емеспін, жасымыз болса отыздан асып бара жатыр. Сондықтан жұлдыз ауруына шалдығатындай емеспін. Оның үстіне оған жол бермейтін жүректе – иман, тәрбие, ал қасымызда – жөн сілтеп отыратын ақылды жандар бар.