1 Мамыр 11:31

Батыс Қазақстанда Көшім каналында су деңгейі қайта көтерілді

Kazinform
Фото: Kazinform

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында Көшім каналында су деңгейі бір тәулікте 43 сантиметрге көтерілді, деп хабарлайды Kazinform.

Алматы, NEGE. «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 1 мамыр күнгі таңғы сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша каналдағы су деңгейі 817 сантиметрді көрсетіп, қауіпті шектен (800 см) қайта асып кетті.

Кеше осындай уақытта су деңгейі 774 сантиметр болған еді.

Сол секілді Жайық өзеніндегі су деңгейі Ақжайық ауданы Тайпақ гидробекетінде бір тәулікте 34 сантиметрге жоғарылады. Қазір мұнда 7 метрге (699 см, қауіпті шегі - 850 см) жуықтады.

Жайық өзенінің басқа гидробекеттерінде су деңгейі түсіп жатыр.

Ақжайық ауданы тұрғындарының сөзіне қарағанда, бірнеше ауылда ауыз су ұңғымаларын су басқан. Соған байланысты ауылдарды ауыз сумен қамтуда қиындықтар туындап отыр.

Аудан әкімі Мұрат Сердалин бұл мәселенің рас екендігін жеткізді.

«Ауыз су ұңғымаларының көбі Жайық өзені бойында төменде, сай-салада орналасқан. Сондықтан олардың бәрін тасқын судан алып қалу мүмкін болмады. Дегенмен алдын ала резервуарларға су жинақтадық. Тұрғындарға ескертіп, құдықтарға су құйдырттық. Ауылдық округтерде жеті-он күнге жететін су қоры бар», деді М.Сердалин.