29 Сәуір 17:13

Түркістандық мектеп оқушысы өнертапқыштығымен таңқалдырады

Жансерік
Фото: Ашық дерек көздерінен

Киелі Түркістан топырағы таланттарға ешқашан кенде болған емес. «Асыл –тастан, ақыл – жастан» демекші, ілкімді бозбалалар да ғылыми жаңалықтарымен елді таңырқатып жатыр. Айталық, Сарығаш ауданында 10 сынып оқушысы жасанды интеллектпен жұмыс істейтін мобильді қосымша ойлап тапты. Мұнымен қатар, қонақтарға сусын құйып беретін, көп тілде сөйлей алатын робот жасаған. Жас өнертапқыштың есім-сойы – Жансерік Камал. 

Жансеріктың жасы небәрі 15-те. Бірақ оның жасап шығарған мобильді қосымшаның артықшылықтары ересектерді де қайраң қалдырады: қосымша дыбыстық хабарламасы 100 тілде қызмет көрсете алады екен. Кез келген сұраққа жауап береді. Мәтін форматында аудиохабарлама жібере алады. Жаңа жобасын жас өнертапқыш JARIQ деп атап отыр. Өзінің айтуынша, бұл қосымша мектеп оқушылары арасында сұранысқа ие болуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде оны Play Market арқылы жүктеп алуға болады.

– JARIQ қосымшасын қазір көп адамдар пайдаланып жатыр. Оның басты мақсаты – уақтты үнемдеу. Толық ақпаратты оқып шығуға ерінсеңіз, бағдарлама қысқа да, нұсқа етіп хабарлай алады. Менің есебімше, қосымшаны мектеп оқушылары жүктеп алуда. Оқушылар күнделікті өмірде қолданып, қосымша ақпараттарды, кітаптарды және басқа да нәрселерді іздейді, – дейді Жансерік Камал.

Бұл Жансеріктің ашқан алғашқы ғылыми жаңалығы емес. Мұның алдында ол Qolqanat деп аталатын, көп тілде сөйлей алатын және бармен болып қызмет көрсете алатын құлтемір жасап шығарған болатын. Бұдан бөлек, ол «Сарығаш туризм» қосымшасын іске қосқан-ды. Бұл бағдарлама аймақтағы шипажайлар туралы толық апарат береді. Ем қабылдап, тыныққысы келген туристер оны жапа-тармағай қолданып жатыр.

Құлтемірдің негізгі қызметі – мейрамханалардың қонақтарына сусын құйып беру. Және әңгімесу арқылы клиенттердің көңіл-күйін де көтере алады. Меніңше, бұл құлтемір Қазақстанды аралап, тамашалап жүрген шетелдік қонақтарға ұмытылмас әсер қалдыруы тиіс. Qolqanat деп бекер атағаным жоқ. Өзіндік мәні бар, – дейді жас өнертапқыш.

Жансерік Камал Түркістан облысы Сарығаш ауданындағы №4 мектеп-интернатта білім алып жатыр. Ұстаздары өте ақылды, талапшыл әрі дарынды оқушы деп есептейді. Ол ұдайы республикалық байқауларға қатысып, үздіктердің қатарынан көрінеді.

Жансерік Камал өзі ойлап тапқан қосымшаларының арқасында қатарының алдында сыйлы. Оқушымыз білімінің арқасында биіктен көрініп отыр. Бұған біздің мектебіміздің қосқан үлесі де бар. Мұғалімдер түрлі байқауларға дайындап жатыр. Өзі де жақсы бала. Қоғамға пайдасы тиер деп ұдайы жаңа жобалар жасауға ұмтылып жүреді. Дарындардың жұлдызын жандырып, шығармашылық байқаударға дайындауда педагогтардың еңбегі де ерен», – дейді Сарыағаш ауданының №4 арнаулы мектеп-интернаттының директоры Тәңірберген Есенов.

Расында да, «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп, Жансеріктің дарынын шыңдап жатқан ұстаздарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Түркістандық жастардың заманауи технологияларды игеріп қана қоймай, әлемді таңқалдыратын жаңалықтар ашып жатса, нұр үстіне нұр.